Терминология мәселелерімен кімдердің айналысқаны абзал деген сұрақ көпті мазалап жүр? Сіздің көзқарасыңызды білсек?
Отандық тіл білімінде терминология мәселелерімен тек терминологтар ғана айналысу қажет деген дәстүрлі пікір қалыптасып келгені рас. Алайда тек қана тіл мамандары ғана емес, әр түрлі пән салалары мамандары, аудармашылар, мемлекеттік қызметкерлер, т.б. мамандар да өз қызметтерінде күн сайын өз пән саласына қатысты терминдермен жұмыс жасауларына тура келеді.
Біраздан бері барлық ғалымдарды, пән салаларындағы тәжірибеші мамандарды толғандырып келе жатқан мәселелердің бірі – осы пән салалары терминдерін жүйелеу, оларды қазіргі таңдағы ақпараттық технологиялар жетістіктерін тиімді пайдалана отырып халықаралық стандарттарға сәйкес жасалған автоматтандырылған веб‑платформаларға енгізу болып табылатыны сөзсіз.
Осы орайда, қазақ тілінің терминдер корпусын біріздендіріп жүйелеу мақсатында бастаған жобамыздың тәжірибесімен бөлісуді жөн көрдік.
РҒА Сібір бөлімі, Новосібір мемлекеттік университетінің Есептеу технологиялары институты (Федотов А.М.) мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Ақпараттық технологиялар кафедрасы (Тусупов Ж.А., Самбетбаева М.А.) бірігіп жасаған электрондық тезаурус жобасына, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Аударма теориясы мен практикасы кафедрасында (Тажибаева С.Ж., Баекеева А.Т.) тау‑кен терминдерінің көптілді басқарылмалы тезаурусын құрастыру 2018 жылы жобасын бастадық.